Мағжан Жұмабаев

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!

(«Мен жастарға сенемін» өлеңінен үзінді)


                                                   





Жүсіпбек Аймауытов

Мамырбайдың малайлары қора жамап, пешін қалап, үйін салып болған еді. Мамырбайдың бәйбішесі маң-маң басып, малайларға киіз үйін қағып-сілкіп, жинатқызып жүрген еді. Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – жалғыз қызы алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл-жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген еді.                                  

(«Ақбілек» романынан үзінді)